Идеядан жеке кәсіп ашуға дейін: «Таңдау» жобасы Жылыой кәсіпкерлеріне қалай қолдау көрсетеді
Әр кәсіптің өз тарихы бар. Біреулер кәсібін жаңа идеядан бастаса, енді біреулер көптен ойда жүрген жоспарын жүзеге асырып, өз ісін ашуға ұмтылады. Жылыой ауданының тұрғындары 2023 жылдан бері «Таңдау» жобасының арқасында осы арманын жүзеге асыруға мүмкіндік алып келеді.
«Таңдау» бағдарламасын Орталық Азияның Еуразия қоры «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырады. Бағдарлама Жылыой ауданын дамытуға бағытталған. Оның қатысушылары бес жылға пайызсыз қарыз алып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпті дамыту стратегиясын құруды, қаржыны жоспарлауды, маркетинг тәсілдерін қолдануды және өз өнімдері мен қызметтерін жарнамалауды үйренеді.
“
«Бағдарлама кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға және бизнесті табысты жүргізуге қажетті дағдыларды меңгеруіне көмектесті», – деді «Теңізшевройл» компаниясының «Таңдау» жобасы бойынша үйлестірушісі Асқар Ибрагимов.
Жоба жүзеге асырылған уақыт ішінде Жылыой ауданының тұрғындары ауыл шаруашылығы, өндіріс, бөлшек сауда және қызмет көрсету салаларында өз кәсіптерін ашты.
«Таңдау» жобасының кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсететін басқа бағдарламалардан айырмашылығы қандай
«Таңдау» жобасының жартылай финалына өткен қатысушылар «Стратегиялық жоспарлау», «Қаржылық жоспарлау», «Маркетинг» және «Көпшілік алдында сөйлеу» атты төрт бағыт бойынша бизнесті дамытуға арналған оқудан өтеді. Жеңімпаздар үшін қажеттіліктеріне сай шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Ал қиындықтар туындаған жағдайда, олар тиісті сала маманынан тегін жеке кеңес ала алады. «Таңдау» жобасының Жылыой ауданы бойынша менеджері Алтынгүл Атабаева Zakon.kz-ке берген сұхбатында жобаның ерекшеліктері туралы толығырақ баяндады.
– «Таңдау» жобасының Жылыой ауданы үшін негізгі әлеуметтік пайдасы қандай? Бір кәсіптің дамуы бүкіл ауданның өміріне қалай әсер етеді?
– 2023–2024 және 2025–2026 жылдары бес конкурстық іріктеу өткізілді. Таныстыру семинарларына 1 264 адам қатысты. Жоба аясында 510 өтінім түсіп, 207 қатысушы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтті. Олардың 85-і пайызсыз қарыз алып, бүгінде өз кәсібін дамытып жатыр. Кәсіпкерлік жобалардың басым бөлігі өнім өндірумен, соның ішінде жиһаз, ет өнімдері мен кондитерлік бұйымдар жасаумен байланысты. Қызмет көрсету саласындағы жобаларға да қолдау көрсетілді. Олардың қатарында автокөлік жөндеу орындары, диагностикалық орталық, тігін цехтары, білім беру және шығармашылық орталықтары бар. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және мал бордақылау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар спорт, IT және экология салаларындағы бастамалар да қолдауға ие болды. Жартылай финалға өтіп, тек тренингтерге қатысқан үміткерлер де алған білімінің пайдасын көргенін айтады. Олардың сөзінше, оқу барысында меңгерген дағдылары кәсіптегі жұмыс үдерістерін жетілдіруге және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектескен. Осылайша, «Таңдау» жобасы жергілікті тұрғындардың экономикалық жағдайын жақсартуға және кәсіпкерлік біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
– Жоба қатысушыларының қай кәсіптері бүгінде өз иелеріне ғана емес, аудан тұрғындарына да пайда әкеліп отыр?
– Барлық жоба тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп әзірленген, сондықтан әрқайсысы пайдалы деп айта аламын. Комиссия бизнес-идеяны бағалағанда оның тұрғындарға қандай пайда әкелетініне және оған сұраныстың бар-жоғына назар аударады. Әлеуметтік жобалардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға оңалту қызметін көрсететін «Ақылды бала» орталығын ерекше атап өткім келеді. «Таңдау» жобасының арқасында қатысушылар өз кәсіптерінде жұмыс орындарының санын едәуір арттырды. 2023 жылы жұмыс орындарының саны 31-ден 59-ға дейін өсті. 2024 жылы екінші лекте бұл көрсеткіш 15-тен 45-ке, ал үшінші лекте 10-нан 36-ға жетті. 2025 жылы жобаға қатысқаннан кейін тағы 11 жұмыс орны ашылды.
– Жоба іске қосылғаннан бері қалай өзгерді? Алдыңғы кезеңдердің тәжірибесін ескере отырып, қандай өзгерістер енгізілді?
– Биыл жобаның бесінші іріктеуіне қатысуға 136 өтінім түсті. Жартылай финалға өткен 60 адам бизнесті дамытуға арналған оқу бағдарламасына қатысты. Оқу барысында олар бизнес стратегиясын әзірлеуді, қаржыны жоспарлауды, маркетинг тәсілдерін қолдануды және көпшілік алдында сөйлеуді үйренді. Оқуды аяқтаған 44 қатысушы өз жобаларын сарапшылар комитетіне ұсынды. Комитет құрамына «Теңізшевройл» компаниясының, Орталық Азияның Еуразия қорының және Атырау облысындағы бизнес қауымдастығының өкілдері кірді. Іріктеу нәтижесінде кәсіби және өмірлік тәжірибесі әртүрлі 27 қатысушы жеңімпаз атанды. Олардың арасында көпбалалы отбасылардан шыққан 16 адам, 35 жасқа дейінгі 11 жас кәсіпкер, екі жұмыссыз адам және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған үш ана бар. Биыл «Теңізшевройл» компаниясы маңызды қадам жасап, бір қатысушыға берілетін қарыздың ең жоғары мөлшерін 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін арттырды.
Жеңімпаздар өз кәсіптерін түрлі салада дамытып жатыр:
ауыл шаруашылығы;
сүт өнімдерін өндіру;
білім беру;
автокөліктерге техникалық қызмет көрсету;
кондитерлік өнімдер өндіру;
фитнес;
SPA және сауықтыру қызметтері;
кәріз жүйелерін тазалау;
автокөлік жуу;
полиграфия;
тігін өндірісі;
қоғамдық тамақтану;
бөлшек сауда және басқа да салалар.
“
«Теңізшевройл» әлеуметтік жауапкершілігі бар компания ретінде Жылыой ауданының әлеуметтік дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл ауданда біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары тұрады. «Таңдау» бағдарламасы кәсіпкерлік жолын енді бастаған азаматтарға өз кәсібін ашуға үлкен мүмкіндік береді. ТШО мен Жылыой ауданы әкімдігінің осындай бастамалары аудан экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосатынына сенеміз», – деді «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров.
Кәсіпкерлер көбіне жұмысқа қажетті құрал-жабдық, техника немесе кәсіп жүргізетін орын жетіспегендіктен жобаға қатысады. «Таңдау» жобасының қолдауымен олар қажетті жабдықтарды сатып алып, бұрыннан қолданып жүрген құралдарын жаңарта алады. Кейбір қатысушылар кәсібіне қажетті көлік пен ғимарат сатып алған.
Табысқа жету тарихы
Жобаның төртінші іріктеуінде жеңімпаз атанған Мұхтар Рзабай «Таңдауға» қатысу кәсібінің дамуына қалай әсер еткенін айтып берді. Бағдарламаға қатысқанға дейін оның командасы материалдарды кесу және желімдеу үшін басқа цехтардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Бұл қосымша шығынға әкеліп, өндіріс қарқынын баяулатқан.
“
«2024 жылы Теңіз кен орнындағы жобаны сәтті аяқтаған соң, жұмыстан шығып, сол жылы өз кәсібімді аштым. Қазір тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарға тапсырыспен жиһаз жасаймын. “Таңдау” жобасы туралы достарымнан естідім. Ол кезде бізде материалдарды кесуге және желімдеуге арналған станоктар жоқ еді. Сондықтан бұл жұмыстарды басқа цехтарға ақы төлеп жасататынбыз. Алдымен төрт апталық тренингке қатыстым. Сол жерде қаржы және маркетинг бойынша көптеген пайдалы білім алдым. Үйренгенімнің бәрін өз кәсібімде қолдандым», – деді Мұхтар Рзабай.
«Таңдау» жобасының тағы бір қатысушысы Анар Жүнісова да кәсібін сәтті дамытып келеді. Ол өнімдерді мұздатып, кейін кептіруге арналған арнайы жабдық сатып алған. Бастапқыда осы әдіспен жемістер мен жидектерді өңдесе, қазір сүт өнімдері мен құрғақ өнімдерді де өңдейді.
“
«Мен Құлсарыданмын. Бала кезімнен анама көмектесіп өстім. Еңбекке ерте араласып, табыс таба бастадым. Оқуымды бітірген соң банкке жұмысқа орналастым. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда үйде бос отырғым келмеді. 2022 жылдың сәуірінде шоколадпен қапталған құлпынай дайындап, таныстарыма сыйладым. Кейін оны ақысын төлеп жасатуға ниет білдіргендер болды. Кәсібім осылай басталды», – деп еске алады кәсіпкер Анар Жүнісова.
Кейін ол бір жасар баласымен Астанаға барып, тағам өнімдерінен сәнді букеттер жасауды үйренді. Осы оқудан кейін өз студиясын ашты.
«Таңдау» жобасына дейінгі және кейінгі кәсіп
“
«Кәсіппен айналыса жүріп, қол жеткізген нәтижемен шектелмей, әрі қарай даму қажет екенін түсіндім. Кәсібім маусымға тәуелді болмауы үшін және өнім түрлерін көбейту мақсатында мұздатып кептіруге арналған аппарат алғым келді. “Таңдау” жобасы арқылы бес миллион теңге пайызсыз қарыз алып, қажетті жабдықты сатып алдым. Осыдан кейін кәсібімнің жаңа бағытын дамыта бастадым».
Анар Жүнісова
Анар тренингтерде қаржыны сауатты басқаруды үйренді. Ең бастысы, кәсібін кеңейте алды. Бұрын тек тапсырыспен жұмыс істеген ол қазір жұмысын алдын ала жоспарлап, бірнеше бағытта қатар қызмет көрсетіп, табысын арттырып келеді.
Кәсіпкерлер «Таңдау» жобасына қатысуға кеңес береді. Өйткені жоба:
қаржылай қолдау көрсетіп, кәсіпкерлік бойынша білім алуға мүмкіндік береді;
өз кәсібін дамытуға және кеңейтуге көмектеседі;
өзіне деген сенімділікті арттырады.
Болашаққа жоспар
“
«Өндірісімді кеңейтіп, мұздатып кептірілген өнімдерді басқа қалаларға жеткізуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар оқыту бағытын дамытып, өзгелерге де осы істі үйреткім келеді. Бес жылдан кейін кәсібімді ірі өндіріс ретінде елестетемін».
Анар Жунусова
«Таңдау» жобасының маңызды ерекшелігі – кәсіпкерлер қайтарған қарыз қаражаты басқа кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге қайта жұмсалады. Осылайша, әрбір қолдау алған жоба Жылыой ауданының дамуына үлес қосады. Жоба аясында берілетін білім, тәжірибе мен қаржылай қолдау тұрғындарға кәсіп ашуға және жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.