«Теңізшевройл» отандық өндірістің дамуына қалай үлес қосып келеді
Қазақстандық қамтуды дамыту – «Теңізшевройл» ЖШС жұмысының басым бағыттарының бірі. Компания 1993 жылдан бері қазақстандық жеткізушілерден шамамен 53 млрд АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер сатып алды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай сатып алулардың көлемі шамамен 800 млн долларды құрады. Ал 2026 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасына төленген тікелей қаржылық төлемдердің жалпы көлемі 217 млрд долларға жетті.

0
млрд доллар

1993 жылдан 2026 жылдың II тоқсанына дейін Қазақстан Республикасына төленген тікелей қаржылық төлемдер

~0
млрд доллар

1993 жылдан бері қазақстандық жеткізушілерден сатып алынған тауарлар мен қызметтердің жалпы құны

~0
млн доллар

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық жеткізушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі

Қазақстандық кәсіпорындар өндірісін жаңғыртып, халықаралық сапа стандарттарын енгізіп, жаңа өнімдер шығаруды игеріп келеді. Соның нәтижесінде олар әлемдегі ең ірі мұнай-газ жобаларының біріне өнім жеткізуші компанияларға айналуда.

ТШО-мен серіктестік орнатқан Asiafilter Inc. және WIKA Қазақстан компанияларының тәжірибесі мұндай ынтымақтастықтың отандық және жергілікті кәсіпорындардың дамуына тың серпін беріп, жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік ашатынын көрсетеді.

Asiafilter Inc.: ТШО талаптарына сай біліктіліктен халықаралық деңгейдегі мойындауға дейін

Asiafilter Inc. – Орталық Азиядағы өнеркәсіптік сүзгілер шығаратын жетекші компаниялардың бірі.
Бүгінде кәсіпорын өнеркәсіптің түрлі салаларында қолданылатын желдету, өндірістік шаңды сорып алу, шаң мен газды тазарту және сұйықтықтарды сүзуге арналған жабдықтар шығарады.

Компанияның жеке өндіріс орны Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан. Кәсіпорын жылына 150 мыңға дейін сүзгі шығара алады. Соңғы жылдары оның өндірістік базасы айтарлықтай кеңейді.

Компанияның даму жолындағы маңызды кезеңдердің бірі «Теңізшевройл» ЖШС-мен ынтымақтастық орнатуы болды.
2023 жылы ТШО өкілдері Asiafilter Inc. кәсіпорнына барып, оның өндірістік мүмкіндіктері мен талаптарға сәйкестігін бағалады. Аудит барысында кәсіпорынның сапа менеджменті жүйесі мен өндірістік мүмкіндіктері, сондай-ақ ТШО-ның техникалық талаптарына сай жылыту, желдету және ауа баптау жүйелеріне арналған ауа тазартқыш, панельді және қалталы сүзгілерді шығаруға дайындығы тексерілді.

Компанияның бас директоры Индира Нұрланның айтуынша, біліктілікті растау үдерісі кәсіпорын үшін үлкен сынақ болды.
«Теңізшевройлдың» біліктілік талаптарына сәйкестігін растау компаниямыз үшін аса жауапты кезең болды. Негізгі қиындық өндіріс үдерісінде емес, сапаны бақылау, экология және еңбек қауіпсіздігі салаларында ТШО белгілеген халықаралық талаптарға толық сай болу қажеттілігінде еді».
ТШО-мен жұмыс істеудің ерекшелігі – әрбір жаңа өнімнің бірнеше кезең бойынша тексерілуі. Техникалық өтінім келіп түскеннен кейін компания мамандары тапсырыс берушімен бірлесіп, техникалық сипаттамаларды егжей-тегжейлі пысықтайды және өздерінің техникалық шешімдерін әзірлейді. Егер мұндай өнім бұған дейін жеткізілмеген болса, кәсіпорын сынақ үлгілерін дайындайды. Олар тапсырыс берушінің нысандарында тікелей сынақтан өткізіледі. Барлық сынақ сәтті аяқталғаннан кейін ғана ресми тапсырыс рәсімделіп, өнім сериялық түрде шығарыла бастайды.

Индира Нұрланның айтуынша, мұндай тәсіл кәсіпорын мамандарынан жоғары инженерлік біліктілікті, икемділікті және өндірістік үдерістерді тапсырыс берушінің талаптарына жедел бейімдеуді талап етті.

Нәтижесінде 2024 жылы Asiafilter Inc. ТШО-ның мақұлданған өндірушілер тізіміне еніп, компаниялар арасындағы ынтымақтастық іс жүзінде жүзеге аса бастады.
Бүгінде компания ТШО-мен жасалған 10 тікелей келісімшартты орындады. Сонымен қатар өнімнің едәуір бөлігі тең құқылы серіктестік келісімдері аясындағы жобалар бойынша жеткізіледі. Соңғы екі жылда кәсіпорын өкілдері сатып алу көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті.

Өндіріс көлемінің артуы компанияның дамуына да оң әсер етті. Өндірістік қуат кеңейтіліп, инженерлер мен сапаны техникалық бақылау мамандарының құрамы күшейтілді. Сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттыруға арналған бағдарламалар енгізілді.

Бүгінде Asiafilter Inc. өнімдерінің сапасы ТШО-мен табысты ынтымақтастық арқылы ғана емес, халықаралық сертификаттармен де расталған. Компанияның өндірісі ISO 9001, ISO 14001 және ISO 45001 стандарттары бойынша TÜV компаниясының сертификаттауынан өткен. Сондай-ақ кәсіпорында Қазақстан Республикасының индустриялық сертификаты бар.
Компания экспорттық бағытты белсенді дамытып келеді. 2014 жылдан бері өнімдерін Орталық Азия елдеріне экспорттайды. Компанияның төл әзірлемелері Кельнде (Германия) өтетін Filtech халықаралық салалық көрмесінде, сондай-ақ Шанхай, Баку, Ташкент қалаларындағы және Қазақстандағы KIOGE, Mining және AMM мамандандырылған көрмелерінде тұрақты түрде таныстырылып келеді. 

Кәсіпорынның жұмысы мемлекеттік деңгейде де мойындалды. Компания өндірістік мақсаттағы тауарлар санаты бойынша «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының номинанты атанып, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.

2024 жылы жергілікті қамтуды дамытуға бағытталған меморандум мен оффтейк-келісімшартқа қол қойылуы ТШО-мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.

Индира Нұрланның айтуынша, ТШО-мен серіктестік бір ғана кәсіпорынның дамуына емес, жалпы отандық өндіріс үшін маңызды.
«Бүгінде ел ішіндегі құндылықты дамыту саясатының арқасында қазақстандық бизнес үшін жаңа әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. ТШО тәжірибесі отандық кәсіпорындар әлемдік стандарттарға сай жоғары технологиялық өнім шығара алса, ірі операторлардың оларға сенім артуға дайын екенін дәлелдейді. Біз үшін ТШО-мен ынтымақтастық – компанияға артылған сенімнің белгісі. Бұл кәсіпорынның кәсіби тұрғыдан кемелденгенін көрсетіп, Қазақстандағы және шетелдегі аса ірі өнеркәсіптік жобаларға қатысуға жол ашады».

WIKA: Қазақстандағы өндіріс пен әлемдік тәжірибенің үйлесімі

2023 жылғы қарашада еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі – Атырау қаласында WIKA компаниясының өндірістік кешені ашылды. 2024 жылы қазақстандық қамтуды дамыту тобы ТШО-ның техникалық қызмет көрсету бөлімінің мамандарымен бірлесіп, кәсіпорынның біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалады. Аудит барысында сарапшылар өндірістік кешеннің қажетті ресурстармен қамтамасыз етілу деңгейін, өндірістік инфрақұрылымның жай-күйін, қызметкерлердің кәсіби құзыреті мен біліктілігін, сапаны бақылау жүйесін, сондай-ақ сапа менеджменті жүйесінің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бағалады. Компания аудиттен сәтті өтіп, Қазақстанда жолға қойылған өндірістің WIKA компаниясының халықаралық стандарттары мен ТШО талаптарына сай екенін растады.

Біліктілік бағалауының нәтижесінде кәсіпорын манометрлер, терможұптар мен кедергі термометрлерін шығаратын отандық компания ретінде ТШО-ның мақұлданған өндірушілер тізіміне енді.
Мұндай нәтижеге өндірісті локализациялау кезінде технологиялық үдерістерді жеңілдетпей, барлық талапты толық сақтаудың арқасында қол жеткізілді.
«ТШО-ның біліктілік бағалауынан сәтті өтуіміз WIKA компаниясының халықаралық тәжірибесі мен Қазақстанда өндірісті локализациялауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Біз өндірістік үдерістерді жеңілдеткен жоқпыз, керісінше, WIKA-ның халықаралық стандарттарын Қазақстандағы өндіріс орнына толық енгіздік. Соның арқасында елімізде шығарылатын өнімнің сапа, сенімділік және қауіпсіздік талаптары бойынша WIKA-ның әлемнің басқа елдеріндегі кәсіпорындарында өндірілетін өнімдерден кем түспейтінін дәлелдедік».
Өндіріс іске қосылғаннан кейін кәсіпорын қызмет аясын одан әрі кеңейте түсті. Кәсіпорын қол жеткізген маңызды нәтижелердің бірі – Қазақстанда шығарылатын температураны өлшеуге арналған электрондық аспаптардың ТШО-ның жергілікті өндірушілер тізіміне (Local Manufacturer List, LML) енуі. Соның арқасында бұл өнімдер Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ жобаларының бірінде қолданыла бастады.
Сонымен қатар кәсіпорын сервистік қызмет көрсету бағытын белсенді дамытып келеді. Компания бақылау-өлшеу аспаптарын шығарумен қатар, клиенттерге техникалық қолдау көрсету, жабдықтарды жөндеу және оларға қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуде.

WIKA болашақ мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Компания Атырау қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып келеді. Студенттер кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, оқу барысында алған білімін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады. Ал үздік түлектер компанияға жұмысқа орналасады. Мұндай тәсіл жергілікті инженерлік әлеуетті арттырып, Қазақстанның өнеркәсіп саласына қажетті мамандарды даярлауға жол ашады.
Қазақстандағы өндірісті дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Компания биыл өлшеу құралдарын тексеріп, дәлдеуге арналған жеке зертхана ашуды жоспарлап отыр. Бұл көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтіп, тапсырыс берушілерге техникалық қолдау көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар WIKA бақылау-өлшеу аспаптарының сұранысқа ие түрлерін анықтау мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен, ең алдымен ТШО-мен келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы келіссөздердің қорытындысы бойынша компания Қазақстанда шығарылатын өнім түрлерін одан әрі кеңейту мүмкіндігін қарастырады.

Компания өкілдері елімізде бақылау-өлшеу аспаптарын өндіруді дамытуға мүмкіндік мол екеніне сенімді.
«Өндірісті локализациялау – Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Бақылау-өлшеу аспаптары өнеркәсіптің барлық дерлік саласында қолданылады. Сондықтан мұндай өнімдерге сұраныс алдағы уақытта арта береді. WIKA үшін Қазақстандағы өндірісті дамыту – ұзақ мерзімді стратегия. Біз өндіріс пен сервистік қызмет көрсету бағыттарын кеңейтуді, елімізде шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді, өлшеу құралдарын дәлдеу қызметтерін дамытуды және клиенттерге көрсетілетін техникалық қолдауды күшейтуді жоспарлап отырмыз».
Компания өкілдерінің пікірінше, ТШО-ның рөлі өнімге сұраныс қалыптастырумен ғана шектелмейді.
«Теңізшевройл» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі әрі WIKA-ның негізгі тапсырыс берушілерінің қатарында. Сондықтан Қазақстандағы өндірісті одан әрі дамыту бағыттарын айқындау кезінде біз ТШО-ның сұранысы мен қажеттіліктеріне назар аударамыз. Мұндай стратегиялық тапсырыс берушілер өнім сатып алумен ғана шектелмейді. Олар отандық өндірістің жан-жақты дамуына ықпал етіп, заманауи технологияларды Қазақстанда енгізуге және жаңа инженерлік бағыттарды игерген білікті мамандарды даярлауға жол ашады».
WIKA компаниясының тәжірибесі өндірісті локализациялаудың ауқымды әрі қарқынды үдеріс екенін көрсетеді. Ол технологиялар мен халықаралық сапа стандарттарын енгізуді, мамандар даярлауды және Қазақстанда әлемдік деңгейдегі өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи өндірістік база құруды қамтиды.
Asiafilter Inc. және WIKA компанияларының тәжірибесі, өндірісті локализациялау тәсілдері әртүрлі болғанымен, олардың мақсаты ортақ екенін көрсетеді. Яғни, Қазақстандағы өндірісті дамытып, отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру. Бұл компаниялардың тәжірибесі – өндірісті локализациялау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

Келесі материалда осындай жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалар, қолдау тетіктері мен бірлескен бастамалар, сондай-ақ Қазақстанда жергілікті өндірісті қолдау жүйесінің қалай дамып жатқаны туралы баяндаймыз.

СОНДАЙ-АҚ ОҚЫҢЫЗ

©1999-2026 СИ "Zakon.kz"